Зайырлылық – қоғам тұрақтылығы мен діни келісімнің кепілі.

0-3.jpg

Қазақстанда тәуелсіздік жылдары ішінде адамға оның дінге сену-сенбеуіне қарамастан тең қарым-қатынас қағидалары қалыптасты. Бұл қағидадан тек дін ұстану адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіргенде немесе қоғамның негіздеріне қол сұққанда ғана ерекшелік жасалады. Мемлекеттік саясаттағы мұндай ұстаным «светскость», яғни зайырлылық деп аталады.

Кейде «зайырлылықты» қате түсініп, оны қоғамдағы секуляризммен немесе атеизммен теңестіріп жатады. Алайда бұл дұрыс емес. Себебі секуляризм немесе атеизм – қоғамдағы дінге деген жеке қатынас болса, зайырлылық – мемлекеттің саяси принципі.

Зайырлылықтың мәні – адамның дініне қарамай, барлығына тең қарым-қатынас жасау. Мысалға Исламды алсақ, мұсылмандарға артықшылық қажет емес, олар теңдікке мүдделі. Яғни адамның дініне емес, нақты іс-әрекетіне қарап бағалау керек. Ислам – артықшылық емес, жауапкершілік. Бірақ кейбіреулер білімсіздіктен немесе әдейі атеизмді, секуляризмді зайырлылықпен шатастырып, өзін бейтарап сияқты көрсеткісі келеді. Бұл – шын мәнінде бейтараптық емес, қоғам өміріндегі діннің маңызын жоққа шығару. Сондықтан зайырлылық дегеніміз – дінге тең, бірақ немқұрайлы емес қатынас.

Ислам және Қазақстанның зайырлылығы

Мұсылманның қоғамдағы келісім-шартты сақтай отырып өмір сүруіне Ислам кедергі келтірмейді. Қазақстан Конституциясы да ар-ождан және дінді еркін ұстану құқығын кепілдендіреді. 2011 жылғы «Діни бірлестіктер және діни қызмет туралы» заңға сәйкес, Ханафи мазхабының түсінігіндегі Ислам мен Православие христиан діні Қазақстанда дәстүрлі діндер деп танылады.

Зайырлылыққа негізделген басқару жүйесі – көпконфессиялы және көпэтносты Қазақстан үшін бірегей үлгі.

Зайырлылық – діннен бас тарту емес

Мысалы, АҚШ – зайырлы мемлекет, бірақ саясаткерлер де, соттағы куәгерлер де Библияға қол қойып ант етеді, «God bless You» дейді. Ұлыбританияда король Карл III – мемлекет басшысы әрі Англикан шіркеуінің басшысы. Германияда шіркеулік салықты мемлекет өзі жинайды. Демек, зайырлылық – дінді қоғамнан ығыстыру емес.

Қазақстан үлгісі

Зайырлы мемлекеттің оң тәжірибесі ретінде Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сегізінші съезін айтуға болады. 60 елден 100-ден астам делегация қатысып, Ислам, Христиан, Иудаизм, Буддизм, Синтоизм және басқа дін өкілдері ғаламдық мәселелерді талқылады, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға шақырды.

Қорытынды

Осылайша, Қазақстанда зайырлылық принципін сақтау арқылы мемлекет пен дін арасындағы бейбіт, тең, жүйелі қарым-қатынас орнатылды. Бұл үлгі ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық деңгейде де жоғары бағалануда.

Дихамбаев Н.Ж. дінтанушы,

Астана қаласы, ЖШС Діндерді зерттеу орталығының директорының орынбасары