Егемен елдің ең алғашқы белгісі

images.jpg

1993 жылдың 15 қарашасы – Қазақстан Республикасының жаңа дәуірін ашқан тарихи күн. Егемен елдің өз валютасын айналымға енгізуі – тәуелсіздіктің ең алғашқы әрі ең батыл қадамдарының бірі болды. Кез келген елдің рәміздері сияқты, ұлттық валюта да мемлекеттің рухани-символдық белгісі ғана емес, қаржылық, экономикалық дербестігінің дәлелі. Ал теңгенің айналымға түсуі – Қазақстанның саяси тәуелсіздігінен кейін қаржылық тәуелсіздігін де әлемге ашық жариялауы еді.

Қай елдің болмасын валютасы сол мемлекеттің тарихын, мәдениетін, ұлт тұлғаларының рухын, саяси-экономикалық жағдайын бейнелейді. Банкноттар мемлекеттің мәдени кодын, тарихи жадын, көркемдік өрнегін өзіне сыйдырып тұрады. Сондықтан ұлттық валюта – елдің айнасы, мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың тірегі, ішкі экономикалық айналымның негізгі құралы.

Қазақ даласының ақша тарихы тереңде жатқанымен, қазіргі ұлттық валютамыздың тағдыры ХХ ғасырдың соңындағы күрделі кезеңмен тікелей байланысты. Кеңес үкіметі құлаған соң бұрынғы одақтас республикалардың барлығы бір-бірден өз валютасын енгізу керектігін түсінді. 1992 жылы Ресей өзінің жаңа рублін шығарып, бұрынғы «рубль аймағынан» басқаларды біржола бөліп тастады. Қазақстанға да рубльдің «қазақша нұсқасын» шығаруды ұсынды, бірақ оның астында аса ауыр шарттар жасырылған еді: Қазақстан Ресей Федерациясының субъектісі ретінде құрамына кіруі тиіс, ал небәрі 700 миллион долларлық алтын-валюта резервін Мәскеуге өткізуі қажет. Бұл ұсыныс – тәуелсіздікті валютамен айырбастау деген сөз болатын.

Осы уақытта Қазақстан аумағында тек ескі кеңестік рубльдер ғана қалды. Басқа аймақтардан құнсызданған ақша ағылып келіп, инфляция 2900 пайыздан асып түсті. Экономикалық жүйе күйреп, нарық тұрақсызданып, халық тұрмысы ауырлап кетті. Осындай сын сағатта бір-ақ шешім қалды — ұлттық валютаны енгізу.

1993 жылдың 12 қарашасында Президенттің «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлығы шықты. Ал 15 қарашада таңғы 8:00-де теңгеге айырбастау басталды. 20 қараша күні кешкі 20:00-де аяқталды. Алғашында 1 теңге 1000 рубль болып белгіленгенімен, кейін 500 рубльге бекітілді. Осылайша Қазақстан тек саяси ғана емес, қаржылай тәуелсіз мемлекетке айналды.

Теңгені әзірлеу жұмыстары 1992 жылдан басталды. Суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Әбжәлелов ұлттық валютаның болмысын жасау үшін Англияға аттанды. Harrison & Sons фабрикасында олар банкнот жасаудың ең күрделі технологияларын, қорғаныш белгілерін, композиция принциптерін үйренді. Елде қаржы тапшылығы қатты сезілгендіктен, суретшілердің Англияға өз қаражатымен барып-қайтуына да тура келді. Бірақ қиындыққа қарамастан, алғашқы эскиздер дайындалып, ұлттық тұлғалардың бейнелері таңдалды. Тұлғалардың нақты бейнесін табу да оңай болған жоқ: әл-Фарабидің кескіні ғалымдардың архивтерінен құралып жасалды, Әбілқайыр ханның бейнесі ағылшын саяхатшысы Аткинсонның еңбектерінен алынған, Абылай ханның портреті орыс деректеріне сүйеніп салынды, Сүйінбай тұлғасы Әбілхан Қастеев мұрағатынан табылды.

Теңгені елге жеткізу – құпия әскери операцияға бергісіз шара болды. Төрт ИЛ-76 ұшағы Қазақстаннан Ұлыбританияға он сегіз мәрте қатынап, купюралардың 60 пайызын тасып әкелді. Құжаттарда «Президент резиденциясына арналған мүлік» деп көрсетілген жүкте шын мәнінде жаңа мемлекеттің тағдыры жатыр еді. Облыстарда жерасты қоймалары алдын ала дайындалып, банкноттар сегіз күн ішінде бүкіл аймақтарға жеткізілді. Бұл – жаңа мемлекеттің ұйымдастырушылық қабілетінің, жауапкершілігінің және ел бірлігінің айқын көрінісі еді.

Алғашқы теңгелерде қазақ тарихының ұлы тұлғалары: әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр хан, Абылай хан бейнеленіп, сыртқы бетінде Яссауи кесенесі, Алатау, Көкшетау табиғаты, Маңғыстау таңбалары бейнеленді. Бұл – рухани паспорт, жаңа мемлекеттің жүзін көрсеткен көркем галерея еді. Кейін белгісіз себептермен банкноттардан тарихи тұлғалардың портреттері алынып тасталды — бұл көпшілік үшін әлі күнге дейін жауапсыз сұрақтардың бірі.

2006 жылы ұлттық валютамыз жаңа дизайнмен жарыққа шықты. Қазіргі банкноттарда мемлекеттік рәміздер, сәулеттік нысандар, табиғи көріністер бейнеленіп, арнайы қорғаныш элементтері жаңартылды. Бұл серия әлем мойындаған көркемдік деңгейімен бағаланды. 2007 жылы Тайландтағы халықаралық валюта конференциясында 10 мыңдық теңгеміз «Үздік жаңа банкнот» атанды.

Ұлттық валютамыздың символын жасауға 2006 жылы бәйге жарияланып, ондаған мың ұсыныс қаралды. Жеңімпаз ретінде Вадим Давиденко мен Санжар Әмірхановтың жобасы таңдалды. Теңгенің таңбасы бүгінде кеңінен қолданылады.

Ұлттық валютаның шығуы – экономикалық мағынадан бөлек, саяси мәні зор оқиға. Теңге — мемлекеттіліктің, егемендіктің, елдіктің белгісі. Сондықтан оны ортақ валютаға айырбастау туралы ұсыныстар тәуелсіздіктің іргесіне балта шабумен пара-пар. Теңге – қазақтың азаттығын ұстап тұрған рухани тірек, мемлекеттің мөрі. Төл валюта – ұлттың еркіндігін танытатын ең биік белгі.

Отыз жылдан астам уақыт ішінде теңге мемлекет тарихындағы ең күрделі кезеңдердің барлығынан аман өтіп, тәуелсіз елдің басты рәміздерінің бірі ретінде өзіндік орнын бекітті. Оның құны құбылуы мүмкін, бірақ мәні өзгермейді. Теңге – ұлттың рухы, елдің иесі барын білдіретін белгі, тәуелсіздіктің алғаш жағылған шырағы.


ЖШС «Діндерді зерттеу орталығының» журналисі

Абдалимова Қымбат