Елордада қыз балаларға арналған робототехника лагері ашылды

_gluster_2026_7_8_2b5490af33878c6a5708b650fab96d1a_1280x720 (1).jpeg

Астанада қыздардың робототехникаға, жасанды интеллектке, инженерияға және заманауи технологияларға қызығушылығын арттыруға бағытталған RoboTechnoGirls 2026 жазғы білім беру лагері өз жұмысын бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Жоба «Robotek» робототехника мектебі, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен, TechnoWomen коммерциялық емес ұйымының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.


1 шілдеде лагерьдің алғашқы легінде 10-13 жас аралығындағы 35 оқушы қыз оқуды бастады. Жобаға деген жоғары қызығушылыққа байланысты 13 шілдеден бастап екінші лек іске қосылады. Биылғы жазда RoboTechnoGirls лагеріне 50-ден астам қыз қатысады деп жоспарланып отыр.


Бес аптаға созылатын оқу бағдарламасы барысында қатысушылар робототехника мен бағдарламалау негіздерін меңгеріп, жасанды интеллект технологияларымен танысады. Сонымен қатар, командалық жобалар әзірлеп, STEM саласындағы әйел мамандардың шеберлік сабақтары мен дәрістеріне қатысады. Бағдарлама аясында экскурсиялар, тәжірибелік сабақтар және қорытынды робототехника турнирі де ұйымдастырылады.


RoboTechnoGirls жобасы үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Бүгінде ол қыздардың технологиялық білімге деген қызығушылығын арттырып, инженерлік және цифрлық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ болашақ мамандығын саналы таңдауға ықпал ететін маңызды білім беру алаңына айналды.